"Ордабасы U17" өз алаңында "Атырау U17" командасын 2:1 есебімен жеңді
09 тамыз 2025 жылы Шымкент қаласында өткен Қазақстан жасөспірімдер чемпионатының кезекті турында “Ордабасы U17” командасы өз алаңында “Атырау U17” командасын қабылдап, 2:1 есебімен жеңіске жетті.
Алғашқы таймда қос тарап та белсенді ойнап, қауіпті шабуылдар ұйымдастырды. 38-минутта Диярбек Өткірбаев әдемі соққымен есеп ашып, алаң иелерін алға шығарды. Екінші таймда 77-минутта Дияр Рахимжанов нәтижелі соққысымен есепті 2:0-ге жеткізді. Қонақтар бір гол соғып, есеп айырмасын қысқартқанымен, матч соңына дейін нәтижені теңестіре алмады.
Матчтан кейін “Ордабасы U17” командасының бас бапкері Әуелбек Серікович ойынға баға берді:
— Құдайға шүкір, бүгін жеңіс нәсіп етті. Балаларға рақмет, өте тартысты, қызық ойын болды. Жанкүйерлерге көп рақмет, қолдау көрсетті. Жоспар бойынша дұрыс ойнадық, көптеген мүмкіндіктер жасадық, бірақ соңғы соққы жағынан әлі де қиналып жүрміз. Құдай қаласа, соған жұмыс істейміз.
Сонымен қатар, “Ордабасы” академиясының ойыншысы Мұхит Абдулахмед өз әсерімен бөлісті:
— Ойын қиын болды, “Атырау” командасы жақсы қарсылық көрсетті. Соған қарамастан, біз соңына дейін ойнап, жеңісті жұлып алдық.
Келесі матч — сырт алаңда
“Ордабасы U17” командасы келесі кездесуін 16 тамыз 2025 жылы Ақтөбе қаласында, жергілікті “Ақтөбе U17”командасына қарсы өткізеді.







