«Ордабасы U17» командасының ойыншысы Абылайхан Кенжадоев QJ League маусымының қорытындысын шығарды.
«Ордабасы U17» командасының ойыншысы Абылайхан Кенжадоев өткен маусым туралы өз ойымен бөлісіп, QJ League турнирінің қорытындысын шығарды.
– QJ League турниріндегі команданың ойынын қалай бағалар едің? – Командамыздың ойыны жалпы жақсы деңгейде өтті деп ойлаймын. Маусым бойы бірлігімізді көрсетіп, әр матчта жеңіске жетуге ұмтылдық. Соның нәтижесінде 2-орын алдық — бұл үлкен жетістік, бірақ біздің басты мақсатымыз 1-орын алу болатын.
– Команданың қай қыры ерекше жақсы шықты және нені жақсарту қажет деп ойлайсың? – Ең жақсы тұсымыз – командалық рух пен өзара түсіністік. Әр ойыншы бар күшін салып, бір-бірін қолдап отырды. Шабуылда жылдам комбинациялар жасап, нәтижелі ойын көрсеттік. Ал жақсартуды қажет ететін тұстар да бар: кей матчтарда соңына дейін концентрацияны сақтай алмадық. Сондай-ақ қорғаныс пен шабуыл арасындағы байланыс кейде үзіліп қалды. Келесі маусымда осы бағытта көбірек жұмыс істеу керек деп санаймын.
– Өзің үшін бұл маусым қалай өтті? – Жеке мақсатым – өз ойынымды барынша көрсету, командаға нәтижелі ойын арқылы көмектесу және жеке көрсеткіштерімді жақсарту болды. Маусым қорытындысы бойынша 15 гол соғып, 10 нәтижелі пас бердім. Бұл мен үшін жақсы нәтиже, бірақ келесі маусымда бұдан да жоғары көрсеткішке жетуге тырысамын.
– Турнир барысында саған ерекше әсер қалдырған команда немесе ойыншы болды ма? – Әр команда өз стилімен ерекшеленді. Бірақ мен үшін ең маңыздысы – өзіміздің ойынымызды жетілдіру және әр матчтан тәжірибе алу.
– Алдағы маусымға қойған мақсатың қандай? – Келесі маусымда командамен бірге чемпион атанып, өз ойынымды жаңа деңгейге көтергім келеді.








