"Ордабасы U16" өз алаңында "Атырау U16" командасын 1:0 есебімен жеңді
09 тамыз 2025 жылы Шымкент қаласында өткен Қазақстан жасөспірімдер чемпионатының кезекті турында “Ордабасы U16” командасы өз алаңында “Атырау U16” командасын қабылдап, 1:0 есебімен жеңіске жетті.
Ойынның алғашқы минуттарынан бастап алаңда шиеленісті күрес орын алды. Қос тарап та жоғары қарқынмен ойнады. Матчтағы жалғыз голды 17-минутта Бекасыл Қанат соқты. Ол командаласының тамаша пасын нәтижелі аяқтап, командасына маңызды үш ұпай сыйлады.
Кездесуден кейін бас бапкердің ассистенті Антон Андрейұлы ойынға баға берді:
— Бүгін жігіттер жарады. Ойын ауыр болды, бірақ ең бастысы — үш ұпайды еншіледік. Қарсыласқа үлкен рақмет, олар да жақсы ойнады. Алға жылжимыз, жұмыс жалғасады.
Сондай-ақ “Ордабасы” академиясының ойыншысы Жәміл Қалмаханбет өз әсерімен бөлісті:
— Баршаларыңызға ассалаумағалейкум! Бүгін ойын қиын болды. Қарсыластарға да, бапкерлік штабқа да рақмет айтамыз. Ойын жоғары деңгейде өтті.
Келесі матч — сырт алаңда
“Ордабасы U16” командасы келесі кездесуін 16 тамыз 2025 жылы сырт алаңда, Ақтөбе қаласында, жергілікті “Ақтөбе U16” командасына қарсы өткізеді.







