Жозе Алесио: «Болашақ жеңістерге мықты негіз қаладық»
«Ордабасы» футзал клубының бас бапкері – плей-офф кезеңіне алғаш рет шығу, маусымның негізгі сәттері және болашақ жоспарлар туралы.
2024/25 маусымы «Ордабасы» футзал клубы үшін тарихи кезең болды – команда алғаш рет Қазақстан чемпионатының плей-офф кезеңіне жолдама алды. Жеткен жетістіктер, маусымдағы қиындықтар мен алдағы мақсаттар туралы команда бас бапкері Жозе Алесио айтып берді.
Маусымға жалпы баға
— Маусым бірқалыпты өтті деп айтуға болады. Бастапқысы оңай болған жоқ: команда чемпионатқа қатыса ма, жоқ па деген мәселе соңғы сәтке дейін анық болмады. Бұл дайындық процесіне елеулі әсер етті. Біз жарысты ең соңғы болып бастадық, сол кезде трансферлік терезн де жабылып қалған еді — құрамды жасақтауға мүмкіндік аз болды.
Маусым барысында түзетулер енгізуге, бейімделуге тура келді, бұл дамуды сәл тежеді. Соған қарамастан, Қазақстан кубогында топтық кезеңнен сәтті өтіп, ширек финалда пенальти сериясында ғана ұтылдық. Ал чемпионатта 6-орын алып, клуб тарихында алғаш рет плей-офф кезеңіне өттік. Бұл кезеңде біздің қарсылас «Атырау» болды. Екі ойын да өте тартысты өтті, бәрі соңғы минуттарда шешілді.
Бұл – қарапайым, бірақ маңызды маусым болды. Біз болашақта табысқа жету үшін берік іргетас қаладық. Және ерекше атап өткім келеді — клуб басшылығының қолдауынсыз бұның бәрі мүмкін болмас еді.
Плей-оффқа шығу туралы
— Плей-оффқа шығу — үлкен жетістік. Бұл – клуб құрылымының еңбегі. Басшылық, бапкерлік құрам, қызметкерлер – бәрі бір команда болып жұмыс істеді. Бірақ, әрине, басты кейіпкерлер – бұл ойыншылар. Олар жобаға сеніп, бар күш-жігерін аямады.
Дегенмен, менің ойымша, «Ордабасы» бұдан да жоғарыны мақсат тұтуы керек. Бұл – тек алғашқы қадам. Біз медальдарға таласып, барлық деңгейде бәсекеге қабілетті болуымыз керек.
Плей-офф пен Кубоктан шығып қалу себептері
— Кубокта да, плей-оффта да біз шешуші сәттерді ойынды өз бақылауымызда ұстай алмадық. Жеңіске жақын болып тұрып, басымдықты сақтап қала алмадық. Бұл – тәжірибе, сабырлық және алаңдағы көшбасшылық қасиеттердің жетіспеуімен байланысты.
Гол соғатын сәттерді толық пайдалана алмадық, ал матчтардың тағдырын ұсақ-түйек сәттер шешіп отырды. Команданың құрылымын сақтай алатын, ұжымға жетекшілік ететін ойыншылар өте маңызды – бұл бағытта бізде олқылықтар болды.
Жетістіктер мен даму туралы
— Мен әрқашан айтамын: командалық спортта жеке жеңіс болмайды. Барлық жетістіктер мен сәтсіздіктер – ортақ. Біз ірі нәтижелерге өте жақын болдық: Кубокта пенальтиде жеңілдік, ал плей-оффта соңғы сәтте ұтылдық. Иә, бұл – трофей емес, бірақ жаңадан құрылып жатқан команда үшін алғашқы алтылыққа ену және плей-оффқа қатысу – үлкен жетістік. Әсіресе биылғыдай бәсекелі чемпионатта.
Маусымаралық және келесі маусымға жоспар
— Бірінші кезекте – команданың негізгі құрамын сақтап қалу. Бізде ойын стилімізді түсінетін және даму бағытымызды білетін футболшылар бар. Толыққанды маусым алдындағы дайындық өткізу өте маңызды – биыл бұл бізде болмады.
Сондай-ақ, құрамды нақты бағытта күшейтуді жоспарлап отырмыз. Бізге көп жаңа ойыншы қажет емес – бізге керек қасиеттерге ие, команданың әлсіз тұстарын күшейте алатын, құрамның тереңдігін арттыратын дұрыс ойыншылар қажет.
Ойын мәнері тұрғысынан, біз қазірдің өзінде енгізген қағидаларды одан әрі дамытамыз және жаңа ойыншыларға қарай өзгерістер енгізуіміз мүмкін.