Қазақстан Екінші лигасы: «Туран» U-21 — «Ордабасы» U-21 — 2:0
2025 жылғы 16 шілде күні Түркістан қаласында Қазақстан Екінші лигасы аясында облыстық дерби өтті. Бұл кездесуде «Ордабасы» U-21 командасы сырт алаңда «Туран» U-21 командасынан 0:2 есебімен жеңіліп қалды.
Кездесудің алғашқы минуттарынан бастап тартысты ойын өрбіді. Екі команда да жоғары қарқын көрсетті. Дегенмен, «Туран» U-21 командасы өз мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып, екі нәтижелі шабуыл арқылы есеп ашты. «Ордабасы» U-21 ойыншылары есепті теңестіруге тырысқанымен, қарсылас қорғанысын бұза алмады.
Бұл ойында «Ордабасы» U-21 командасы үшін маңызды сабақ болды. Жас футболшылар тактикалық және техникалық жағынан тәжірибе жинақтауға мүмкіндік алды.
Ойыннан кейінгі сұхбат:
Ирисметов Улуғбек Равшанович, «Ордабасы» U-21 командасының бас бапкері:
«Біз бұл дербиге тыңғылықты дайындалдық. Өкінішке қарай, бүгін жеңіске жете алмадық. Жеңісті көбірек қалаған команда ұтты деп ойлаймын. Қарсылас командаға алғыс білдіремін және оларды жеңісімен құттықтаймын. Ал біз өз жұмысымызды тоқтатпаймыз, әрі қарай жалғастырамыз. Қателіктермен жұмыс жасап, келесі ойынға тыңғылықты дайындалатын боламыз.»
Келесі ойын:
«Ордабасы» U-21 командасы келесі кездесуін 2025 жылғы 23 шілде күні, Шымкент қаласында, өз алаңында «Арыс» командасына қарсы өткізеді. Команда жанкүйерлер алдында жақсы ойын көрсетуге және жеңіске қайта оралуға ұмтылады.







