«Ордабасының» президенті Асхат Сейсембек клубтың баспасөз қызметіне берген сұхбатында команданың еурододаға дайындығы, жаңа ойыншылар алу және балалар орталығы жұмысы жайлы айтып берді.
- Сіздің клуб президенті болып тағайындалғаннан бері бір жарым ай өтті. Осы уақыт аралығында орын алған қандай маңызды өзгерістер мен жетістіктерді атап өтуге болады?
- Бір жарым айда түбегейлі өзгерістер жасадым деп айту орынды болмас. Дегенмен, біз аса үлкен тәуекелге бармай, құрылымдық өзгерістерді енгізуді бастап кеттік. Ең бастысы, балалар орталығы жаттықтырушыларының жалақысын ұлғайту және онда тәлім алатын жас аяқдопшылардың жағдайын жақсарту үшін (стипендия, тұру, тамақтану) маңызды қадамға бардық. Бұл Шымкент футболының позициясын нығайту жолындағы негізгі қадам деп ойлаймын. Сондай-ақ, мен өз кезегімде бас бапкермен пікір алмасып, футболшылармен үнемі тығыз байланыста болуға тарысып жатырмын. Мұның бәрі біздің арамыздағы байланысты орнату үшін қажет қадам.
- Команданың Еурокубок ойындарына дайындығын қалай бағалайсыз?
- Команда жеңісті жолын жалғау арқылы, өз ішіндегі сенімділікке ие болды. Жұмысқа қажетті барлық жағдай жасалған. Біз Чемпиондар Лигасындағы жорығымызды асыға күтудеміз. Бұл клуб тарихындағы жаңа кезең. Алдағы ойын дайындығымыздың қаншалықты деңгейде екендігін анық көрсетуі тиіс. Жігіттер клубтың ғана емес, еліміздің абыройын еуро аренада жоғары деңгейде көрсетеді деген сенімдемін.
- Трансферлік кезең туралы. Клуб бұл бағытта қандай жұмыстар атқарды?
- Команданың негізгі бөлігі чемпионат алдында жасақталды. Біз қазір маусымның қақ ортасындамыз. Клуб құрамы екі позиция бойынша толықтыруды өте қажет етті. Әсіресе, қақпашылар құрамын сапалы ойыншымен күшейту керек болды. Осы орайда, шұғыл түрде әрекет етіп, жарты жылға командаға көмектесе алатын тәжірибелі ойыншыны іздедік. Айта кетейін, жарты жылға ойыншы іздеу, жалпы оңай шаруа емес. Сол себепті, осы уақыт аралығында тез, әрі жылдам әрекет етуге барынша тырыстық. Келесі маусымнан бастап клубтың трансферлік саясаты түбегейлі өзгереді. Сонымен қатар, біз орталық қорғаныс шебіне де жарты жылға сапалы ойыншыны іздедік. Клуб құрамына жаңадан келген екі футболшының да еурокубоктерде тәжірибесі мол. Жанкүйерлер тарапынан шабуыл шебін күшейту қажеттілігі туралы пікірлерді соңғы уақытта жиі естіп жүрмін. Бірақ, біздің қазіргі құрамда 6 шабуылшы тіркелген. Сондықтан, бұл позицияда жүктеме өте жоғары болып тұр. Егер, орын босаған жағдайда міндетті түрде жаңа есімді қатарға қосуға дайынбыз. Дегенмен, орын алған қарбаласқа бой бермей, ақылмен шешім қабылдағанды дұрыс деп есептеймін.
- Бір айдан астам уақыт ішіндегі «Ордабасы» сапындағы қызметіңізден қандай әсер алдыңыз?
- Менің жеке әсерім басқаларға қызық болады деп ойламаймын (күледі). Біз алғашқы күннен бастап маңызды міндеттерді жүзеге асыру жолында қызмет атқарып келеміз. Жалпы, жұмыс тобы жоғары деңгейде әрекет етуге қауқарлы. Кез келген жаңа басшының өзіндік көзқарасы мен жағдайға байланысты тың пікірі болады. Менің басты қағидам – клуб мүддесі үшін қызмет ету.
- Клубтың жақын болашақтағы негізгі мақсаты қандай?
- Біздің мақсатымыз айқын, бағытымыз белгілі. Чемпиондық атақты қорғап, еурокубок ойындарында лайықты деңгейде ойын өрнегін көрсету.
- Клуб инфрақұрылымын жақсарту жолында қандай қадамдар жасалды?
- Қала басшылығы Клубқа толықтай қолдау көрсетіп, инфрақұрылымдық мәселелерді біртіндеп шешетін болады. Қазіргі таңда 35 мыңдық стадион құрылысы басталды. Бұл арена «Ордабасы» клубының үй алаңы, әрі ел футболының мақтанышы болары сөзсіз. Сондай-ақ, екі футбол алаңы, тұрғын үй-жайы бар клуб базасын салу жоспарымызда тұр.
- Клуб академиясын дамыту және жас таланттарды қолдау туралы жоспарыңыз бар ма?
- Академия туралы жоғарыда атап өттім. Қазіргі таңда өз клубымыздың талантты ойыншыларының әлеуетін ашуға баса назар аударып, әдістемелік тұрғыда да түбегейлі өзгерістер орын алатын болады. Қазақстан футбол федерациясының және УЕФА-ның түрлі курстары арқылы жаттықтырушылардың біліктілігін тұрақты түрде арттыру, біздің басым міндетіміз.