"Ордабасы W" QJ League аясындағы кезекті ойында “Шахтер W” командасына есе жіберді
7 тамыз күні Қарағанды қаласында өткен QJ League чемпионатының кезекті турында “Ордабасы W” командасы сырт алаңда “Шахтер W” ұжымымен кездесіп, 2:0 есебімен жеңіліп қалды.
Ойын алғашқы минуттардан-ақ екі команда үшін де тартысты өтті. Бірінші таймда алаңда тепе-теңдік сақталып, екі жақ та шабуылда белсенді болды. Біздің команда бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырғанымен, оларды нәтижелі аяқтау мүмкін болмады.
Екінші таймда қарсылас тарап шабуылды үдете түсіп, біздің қақпамызға екі гол соғып кетті. Қалған уақытта “Ордабасы W” есепті қысқартуға тырысқанымен, гол соғуға мүмкіндік болмады.
Матч аяқталған соң, команда ойыншысы Жадыра Рахматуллаева ойынға қатысты өз пікірін білдірді:
— Барлығына сәлем! Біз бұл ойында жеңіске жетеміз деп сендік. Барлық жағдай дұрыс болды. Бірақ екінші таймда сәл босаңсыдық, сол сәтті “Шахтер” тиімді пайдаланды. Әрине, бұдан да жақсы ойнай алатын едік. Дегенмен, ойыннан қорытынды шығарамыз.
Сондай-ақ бас бапкер Ербол Сарманов ойын нәтижесіне қатысты пікір білдіріп өтті:
— Жалпы, ойын тең дәрежеде өтті. Біздің бірнеше мүмкіндігіміз болды, бірақ оларды голға айналдыра алмадық. Ал қарсылас өз сәттерін жақсы пайдаланды. “Шахтер” командасын жеңісімен құттықтаймын. Біз болсақ, алда жұмыс істеуді жалғастырамыз. Әсіресе, шабуылды түйіндеу мәселесіне назар аударамыз.
Келесі матч — 15 тамыз, Алматы қаласында
“Ордабасы W” командасы келесі ойынын 15 тамыз күні Алматыда, жергілікті “Қайрат W” командасына қарсы өткізеді.