Әлібек Халдар: Алғаш рет тарихымызда осындай үлкен турнирде қаламыздың намысынқорғаймыз.
«Ордабасы U21» футбол командасының ойыншысы Әлібек Халдар «Ордабасы» баспасөз қызметіне берген сұхбаты.
– Әлібек, маусым мен шілде айларында Қазақстан чемпионатының екінші лигасының Батыс-Оңтүстік дивизионында үздік ойыншы атандың. Бұл марапат сен үшін қаншалықты маңызды?
– Иә, бірақ футбол – бұл командалық ойын. Жеке марапаттар алған әрине қуантады, бірақ мен бұл жетістікті бүкіл командамыздың еңбегі деп санаймын. Әрбір әріптесіме алғысым шексіз. Қазір біз үшінші орын үшін күресіп жатырмыз, алда үш ойын қалды. Сол матчтарда бар күшімізді салып, өзімізді жақсы жағынан көрсетуге тырысамыз.
– Осындай нәтижелерден кейін, сені негізгі құрамға шақырды ма?
– Иә, осы маусымда мен негізгі құраммен бірге жаттығулар өткіздім. Бұл жергілікті жастарға деген сенімнің бар екенін көрсетеді. Бұл біз үшін үлкен мотивация – өзімізді дәлелдеп, негізгі құрамдағы ойыншыларға бәсекелестік тудыру. Бір жолдастық кездесуде негізгі құрам сапында алаңға да шықтым. Келесі мақсатым – негізгі команда «Ордабасы» үшін ресми матчтарда дебют жасау.
– Қазір «Қайраттың» Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шығуына байланысты, «Ордабасы» жасөспірімдер чемпиондар лигасында ойнауға мүмкіндік алды. Енді Беларусь чемпионы «Динамо Минскпен» кездесесіңдер. Осы ойын туралы не айтасың?
– Иә, бұл біз үшін керемет мүмкіндік. Алғаш рет тарихымызда осындай үлкен турнирде қаламыздың намысынқорғаймыз. Қазір «Ордабасы U19» құрамында жиналып, УЕФА Жасөспірімдер лигасының матчтарына дайындалып жатырмыз. Чемпиондар лигасында әлсіз қарсылас болмайды, сондықтан біз толық дайындықпен, барынша күресуге тырысамыз.