Выбор языка:

Поиск

  • Home
  • Новости
  • «Ордабасы» футбол академиясының жас таланттары Бразилияда тәжірибе жинақтады

«Ордабасы» футбол академиясының жас таланттары Бразилияда тәжірибе жинақтады

  • Share this:
«Ордабасы» футбол академиясының жас таланттары Бразилияда тәжірибе жинақтады

«Ордабасы» футбол академиясының жас таланттары Бразилияда тәжірибе жинақтады

«Ордабасы» футбол клубының жас ойыншылары Бақдаулет Нұралы мен Жасұлан Әмір Бразилияның атақты «Ботафого» клубында 14 күндік қаралымнан өтіп, үлкен тәжірибе жинақтап қайтты. Олармен бірге академия жаттықтырушысы Фардиев Рустам Анварұлы да тағылымдамадан өтті. Бұл сапар Cravow Sports компаниясымен әріптестік аясында жүзеге асты.

«Ботафого» – қазіргі Бразилия чемпионатының жеңімпазы әрі Либертадорес кубогының иегері. Осы сапар барысында «Ордабасы» делегациясы Бразилияның алдыңғы қатарлы клубтарымен – Palmeiras, Red Bull Bragantino, Botafogo RJкездесіп, футбол саласында тәжірибе алмасу және тығыз байланыс орнату жөнінде келісімдерге қол жеткізді.

Бразилиядан оралған Бақдаулет Нұралы сапар туралы әсерімен бөлісті:

«Біз барған қала – Рио-де-Жанейро, жаттығуларымыз «Ботафого» U20 командасымен бірге өтті. Жаттығулар өте жақсы деңгейде ұйымдастырылған. Әсіресе, 1-ге-1 ойында техникалық және тактикалық жағынан көп жұмыс істейді екен. Басында қиын болды – жаңа орта, жаңа жаттығу жүйесі. Бірақ 2-3 күнде бәріне бейімделіп, балалармен де жақсы тіл табысып кеттік. Бапкерлері өте жылы қабылдады, бізге барынша қолдау көрсетті. Ойын алаңдары керемет – шын мәнінде, жоғары деңгейде. Бұл сапар мен үшін үлкен тәжірибе болды. Осындай мүмкіндік бергені үшін клуб басшылығына, жаттықтырушыларға алғысым шексіз», – дейді жас ойыншы.

Сапар барысында академия жаттықтырушысы Фардиев Рустам Анварұлы да пікір білдірді:

«Алғашқы күндері балаларға бейімделу оңай болған жоқ – климат, жаттығу жүйесі мен ойын қарқыны мүлдем бөлек. Бірақ екі-үш күннен соң біздің жігіттер толыққанды бейімделіп, жаттығу процесінен тыс қалмады. Техникалық та, физикалық та жағынан ешкімнен кем емес екенін көрсете алды. «Ботафого» U20 командасының бапкерлері де жақсы пікір айтты – бұл біз үшін үлкен мақтаныш.»

Мұндай халықаралық тағылымдамалардың маңызы зор. Бүгінгі таңда қазақстандық футбол академиялары үшін шетелдік клубтармен тәжірибе алмасу өте сирек жағдай. Дегенмен, дәл осындай сапарлар жас футболшылардың көкжиегін кеңейтіп, кәсіби деңгейде өсуіне мол мүмкіндік береді. Тек ойыншы ретінде ғана емес, адам ретінде де дамып, өз елінің намысын халықаралық ареналарда абыроймен қорғауға жол ашады.

Айта кетейік, Cravow Sports компаниясымен ресми әріптестік 2024 жылғы маусымнан бастап жолға қойылған. Бұл – ұзақ мерзімді серіктестік, оның аясында балалар мен ересектер футболын дамытуға бағытталған нақты жобалар жүзеге асырылуда. Алдағы уақытта да бірлескен іс-шаралар, шетелдік оқу-жаттығу жиындары мен халықаралық турнирлер ұйымдастыру жоспарланған. Бұл ынтымақтастық қазақ футболының болашағына тың серпін беретіні сөзсіз.

«Ордабасы» футбол академиясы алдағы уақытта да осындай маңызды халықаралық жобаларға қатысып, жас буын спортшыларды жаңа биіктерге жетелеуді мақсат етіп отыр