«Ордабасы» U-16 өз алаңында «Ертісті» 4:2 есебімен жеңді
2025 жылғы 5 шілде күні Шымкент қаласында жасөспірімдер арасындағы біріншілік аясында өткен ойында «Ордабасы» U-16 командасы павлодарлық «Ертіс» ұжымын қабылдады. Көп гол соғылған тартысты кездесуде шымкенттік жас футболшылар 4:2 есебімен жеңіске жетті.
Матчта алғашқы голды қонақтар – «Ертіс» командасы соғып, есеп ашты. Алайда көп ұзамай «Ордабасы» ойыншылары ойын тізгінін өз қолына алды. 16 және 24-минуттарда Асилбек Ильхамов дубль жасап, командасын алға шығарды — 2:1.
Екінші таймда ойын қарқыны одан әрі үдей түсті. 61-минутта Нұрасыл Акимбаев есепті ұлғайтты. Ал 84-минутта Бекасыл Қанат қорытынды голды соғып, матч нәтижесін 4:2 есебімен түйіндеді.
Команда бұл ойында жақсы ұйымшылдық танытып, шабуылда да, қорғаныста да сенімді ойнады. Жанкүйерлерді қуантқан бұл жеңіс — жігіттердің қажырлы еңбегінің нәтижесі.
Бейбарыс Серіктің пікірі:
— Ойын өте қиын болды. «Ертіс» командасына алғыс айтқым келеді. Бірақ біз өз алаңымызда ойнаған соң, сәл мықтырақ болдық. Бар күшін салған барлық жігіттерге рақмет. Сондай-ақ, бізді қолдауға келген жанкүйерлерге үлкен алғыс білдіремін.
Бас бапкер Искандер Исмаилұлы Гейматтың пікірі:
— Біз бұл ойынға алдын ала дайындалдық, қарсыласты жақсы зерттедік. «Ертіс» командасының бас бапкері Алексей Олегұлы Сарокин – өте мықты маман. Бұл матч маған өзіме де үлкен сабақ болды.
Бірінші таймда бізге қарсы пенальти белгіленіп, соның салдарынан ойынның ырғағы бұзылды. Жалпы, біз ойынның екінші аймағында, яғни «сары зонада» дұрыс әрекет еттік, қалағанымызды орындай бастадық. Бірақ төрешінің шешімімен қақпашымыз алаңнан қуылып, команда эмоционалды тұрғыдан шаршап қалды. Жігіттер соңына дейін күресті. Бұл матч біз үшін маңызды тәжірибе болды.
Келесі матч:
«Ордабасы» U-16 келесі кездесуін 2025 жылғы 13 шілде күні Астана қаласында қонақта өткізеді. Ойын сағат 12:00-де басталады. Қарсылас – «Астана» U-16 командасы.