Абылайхан Кенжадоев: "Ұлттық құрамада ойнау — әр қазақ баласының арманы"
"Ордабасы U17" командасының жартылай қорғаушысы Абылайхан Кенжадоев Қазақстанның U17 құрамасына шақырту алып, ел намысын қорғауға мүмкіндік алды. Ол біздің сұхбатта ұлттық құрамадағы алғашқы әсерімен, клубтағы жетістіктердің сырымен және алдағы жоспарларымен бөлісті.
Жуырда сен Қазақстан U17 құрамасына шақырту алып, алда құрамамен бірге Әзербайжанға жол жүргелі отырсыңдар. Ұлттық құрамаға алғаш рет қосылу сен үшін қандай мағына береді? Алғашқы әсерің қандай болды?
— Қазақстанның U17 құрамасына шақырту алу — мен үшін үлкен мәртебе әрі жауапкершілік. Бұл — бала күнімнен бергі арманымның орындалуы. Құрамадағы алғашқы әсерім өте жақсы болды: жаңа командаластармен тез тіл табысып, жоғары деңгейдегі жаттығу процесіне кірістік. Енді алда Әзербайжанға сапар жасап, екі жолдастық кездесу өткізетін боламыз. Бұл — халықаралық деңгейде тәжірибе жинап, өз мүмкіндігімізді көрсетуге тамаша мүмкіндік.
Алты турдан кейін “Ордабасы U17” командасы QJ League-да ұпай жоғалтпай көш бастап келеді. Осындай нәтижеге жетудің сыры неде деп ойлайсың?
— Біз әр ойынға жоғары дайындықпен шығамыз. Бапкерлеріміздің тактикалық тапсырмаларын нақты орындаймыз. Команда ішіндегі бірлік пен өзара сенім — біздің басты қаруымыз. Сол себепті тұрақты жеңістерге жетіп, көш бастап келеміз.
Осы турнирде алты ойыннан кейін сенің еншіңде 4 гол және 4 нәтижелі пас бар. Осы турнирде үздік сұрмерген немесе үздік ассистент болу сияқты жеке мақсатың бар ма?
— Әр футболшы алаңда өз үлесін қосқысы келеді, нәтижелі ойын көрсетуді қалайды. Бірақ ең бастысы — команданың жеңісі. Біз былтырғы чемпиондықты қайталауды көздеп отырмыз. Сонымен қатар, мен үшін басты мақсат — клуб тәрбиеленушісі ретінде "Ордабасы" футбол командасының негізгі құрамасында ойнау. Өзіміздің ағаларымыздың, академиядан шыққан жігіттердің басты командада мүмкіндіктер алып, өнер көрсетіп жатқаны бізге үлкен мотивация береді. Бұл бізге де сол жол ашық екенін көрсетеді. Барлығы өзімізге байланысты. Егер еңбек етсек, тәртіпті болсақ, басты құрамға жету – нақты мақсат және ол қол жетімді.