Клуб жаңалықтары

28 Сәуір Жоао Пауло: «Мен Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкерімен әңгімелестім» Жоао Пауло: «Мен Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкерімен әңгімелестім»
Бразилиялық шабуылдаушы жартылай қорғаушы қазақстандық футболға келіп, 2019 жылы бірден қола жүлдегер атанды, ал өткен маусымда үздік сұрмерген және маусымның үздік ойыншысы марапаттарын қанжығасына майлады. Ағымдағы маусымда «Ордабасы» тарихындағы ең үздік сұрмергендердің көшін бастады. Сұқбат барысында Жоао Пауло азаматтығын ауыстыру мүмкіндігі, маусымға арналған мақсаттар мен осы маусымның үздік голеодоры атануға үміткерлер жайлы айтып өтті. 

- Жоао өткен турда «Қайсар» сіздерге айтарлықтай қауіп төндірді, алғашқы таймда командаға не болды?
– Бірінші таймда алғаш болып гол соқтық, алайда бірден екі гол жіберіп алдық. Меніңше, бізге жинақылық жетіспеді, бірақ үзіліс кезінде түзетулер енгізіп, екінші таймда ойын барысын өз пайдамызға асырдық.

- Үш маусым ішінде сіз «Ордабасы» тарихындағы үздік сұрмерген атандыңыз. Қандай әсерлер мен эмоцияларды алудасыз?
– «Ордабасы» секілді алпауыт клубтың тарихына енгенімнен тек қуанышты әсерлер алудамын, өзімді өте бақыттымын деп санаймын.

- Сіздің голдарды алма кезек соғатыныңыз Премьер Лига деңгейінің орташа екенін білдіреді ме әлде төмен бе?
– Менің ойымша, голдар сіз айтып отырғандай оңайлықпен соғылмайды, бірақ мен командама осы үшін алғыс айтамын, себебі оларсыз мен гол соға алмас едім. Олар маған допты жеткізіп беріп, ойынды жеңілдетеді, ал мен өз кезегімде мүмкіндікті қолдану үшін бар күшімді саламын.

- Өзге де мықты чемпионаттарға кету жайлы ойыңыз болды ма? Егер мүмкіндік болса, қай елге барар едіңіз?
– Маған ешқандай ұсыныстар келіп түскен жоқ, оның үстіне менде «Ордабасымен» келісім-шарт бар және менің бар ойым тек осы клубтағы жұмысым. Егер ұсыныс түссе, біз отырып ойланатын боламыз. Бірақ тағы айтамын, мен толықтай «Ордабасы» жайлы ғана ойлаймын.

- Сіздің азаматтығыңыздың ауысуы жайлы алыпқашпа әңгімелер көптеп айтылуда. Сізге немесе агенттеріңізге осы жайлы біреу байланысқа шықты ма?
– Барлығы БАҚ-тан басталған еді, кейіннен біз Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкерімен (Талғат Байсуфиновпен) әңгімелестік. Бұл әңгіме мен Нұр-Сұлтандағы футбол федерациясынан өткен маусымның жүлделерін алып жатқан кезде болды. Әңгіме барысында маған Қазақстан құрамасы үшін ойнауға қалай қарайтыным жайлы сұрақ қойылды. Мен мұның үлкен мәртебе екенін және ұлттық құраманың жейдесін мақтанышпен киетінімді айттым.

- Сіздің Наталдан шыққан жерлесіңіз Дуглас Жуниор қазірдің өзінде Қазақстан құрамасында доп тебеді, алайда футзалда. Ал сіз азаматтығыңызды ауыстырып, Қазақстан үшін ойнауға дайынсыз ба?
– Иә-иә, мен тіпті Дугласпен осы мәселе жөнінде сөйлескенмін. Біз онымен бұрыннан таныспыз және екеуімізде Натал қаласынанбыз. Ол сонымен қатар, маған азаматтығының ауыстырылу процессі жайлы айтып, менің мансабым үшін бұл өте жақсы болатынын айтты. Бұл ұсыныстың түскеніне өте қуаныштымын және барлығы ойдағыдай болады деп сенемін.

- Сіздің қалаңыздың тумалары, мүмкін достарыңыз мықты чемпионаттарда өз бағын сынап көріп пе еді?
– Менің қаламда егде жастағы ойыншылар бар болатын, мысалы Бразилия ұлттық құрамасы сапында және 1974-жылғы Әлем Чемпионатында, АҚШ пен Германияның клубтарында доп тепкен Мариньо Шагас. Сонымен қатар азаматтығын ауыстырып, Мексика үшін ойнаған Зинья атты ойыншы да бар.

- «Ордабасы» өткен маусымда тек бесінші орынға тұрақтады. Екінші жыл қатарынан жүлдесіө қалу трагедия болатын шығар?
– Иә, бұл өте қиын шақ болды. Алайда біз қазір жүлдегерлер қатарына енуді көздеудеміз. Маусым қорытындысы бойынша үздік үштіктен орын алу үшін бар күшімізді саламыз. Біздің барша талпыныстарымыз өз мақсатына жетеді деп үміттенемін.

- Өткен турдан кейін сіз қайтадан сұрмергендер кестесінде көш бастадыңыз. Премьер Лига ойыншыларының қайсысы маусым қорытындысы бойынша үздік сұрмерген атана алады?
– Сұрмергендер тізіміндегі бәсекелестік өте жақсы. Өзіңіз көргендей деңгей өте жоғары және біршама ойыншылар бұл жүлдеге таласа алады. Абат Айымбетов, Марин Томасов және Вагнер Лавты басты үміткерлер деп санаймын. Мен де бұл атаққа соңына дейін таласып, Құдайдың қолдауымен тағы да маусымның үздік сұрмергені атанамын деп сенемін.






comments powered by HyperComments

Матч-центр