Клуб жаңалықтары

26 Сәуір Александр Симчевич: «Мен Қазақстан құрамасына ойнаудан бас тартқан емеспін» Александр Симчевич: «Мен Қазақстан құрамасына ойнаудан бас тартқан емеспін»
Симчевич бұрыс аударма, Жоао Паулоның азаматтығын ауыстыру құштарлығы мен ҚПЛ-дағы алтын үшін күрес жайлы 

- Александр, өткен турда «Ордабасы» сырт алаңда «Жетісуды» тас-талқан етті. Бұл жеңіс шынымен де оңай олжа болды ма?
– Таблодағы есеп ірі болды, бірақ расында бұл ойын өте қиын өтті. Біз Талдықорғанға үш ұпай алу деген бір ғана мақсатпен келдік. Көптеген қауіпті сәттер жасай алдық және ең бастысы – жеңіске жеттік. Қарсылас ірі есепке қарамастан, бізге максималды түрде қарсы тұрды. «Жетісу» сапында жақсы орындаушылар бар. Алаң қожайындарының гол соғатын мүмкіндіктері болды, алайда біз қорғаныста жақсы ойнай білдік.

- Сіз алғаш рет командаластарыңызды капитан ретінде алаңға алып шықтыңыз. Бес маусым ішінде сіз «Ордабасының» өз адамы болып кеттіңіз.
– «Жетісуға» қарсы ойында капитан Пабло Фонтанелло алаңға шыға алмады. Мен өз кезегімде команданы капитан ретінде алып шыққанымды мақтан тұтамын. «Ордабасыда» ойнау – мен үшін үлкен мәртебе. Әрине, командамды алаңға алып шыққанда – сөзбен айтып жеткізе алмайтын эмоцияларды бастан кешірдім. Өзімді шынымен де «Ордабасының» адамымын деп санаймын.

- «Ақтөбе» және «Астанаға» қарсы ойындарда команда сегіз бірдей доп өткізді. Сіздердің қорғаныстарыңызға не болды?
– Келісемін, екі ойында сегіз гол өткізу «Ордабасының» деңгейі үшін өте көп болып саналады. Мен қазір қорғанысымызға не болғаны жайлы сөз қозғағым келмейді. Артта ойнайтын төрт немесе бес қорғаушы ғана емес, он бір ойыншы да бірдей қорғанады. Ең бастысы – біз өз қателіктерімізді көрдік және оларды қайталамауға тырысамыз. Ақырындап нәтижеге де қол жеткізіп келеміз. «Жетісуға» қарсы құрғақ ойын – тек бастамасы деп ойлаймын.

- Айтпақшы, «Ақтөбе» де сізге жат клуб емес.
– Иә, мен онда ойнадым, клуб жанкүйерлері мені жақсы қабылдаған еді. Әлі күнге дейін жазып тұрады. Ақтөбе – футбол қаласы.

- «Ордабасы» клубының құрамы мен қаражаты Қазақстандағы ең тұрақтылардың бірі болып табылады. Расымен, шымкенттік клуб әрдайым ҚПЛ жүлдегерлерінің қатарынан көріне бермейді. Қалай ойлайсыз, неліктен?
– Маусым басында бізге өз таспсырмаларымызды айтты. Олар әдеттегідей өте жоғары. Біз бұны алғашқы турдан-ақ түсініп, алға қойған мақсаттарымызды орындау үшін бар күшімізді салып ойнауға тырысамыз. Бірақ, бұл футбол, кейде жай ғана сәттілік жетіспейді. Ең бастысы – біз өзімізге және «Ордабасының» жүлдегерлер қатарында болатынына сенеміз. Үшінші орыннан жоғарғы орындарға шыққымыз келеді. Әлбетте, бұны жасау өте қиын болады, алайда мүмкіндіктер әр кез бар.

- Яғни, «Астана» мен «Қайратты» ығыстыру қолдан келеді ғой?
– Бұл екі клуб «Тобыл» секілді өте жоғарғы деңгейде. Оларға қарсы ойнау оңай емес, бірақ өте қызық. Егерде кесте ортасындағы және соңындағы командалармен болатын ойындарда ұпай жоғалтпасақ, ҚПЛ-да жоғарғы орындарды иемденуге болады. Әрине, бетпе-бет кездесулерде ұпай алу өте маңызды.

- «Астанаға» қарсы ойында бұны жасау қолдан келмеді.
– Иә, «Астана» біздің қателіктерімізді қолдана алды. Келесі ойында есемізді қайтаруға тырысамыз.

- «Ордабасыға» алтын медальдарға таласуға не кедергі?
– «Ордабасыға» ештеңе де кедергі емес. Біз осы оймен өмір сүреміз, әр ойынға жеңу үшін шығамыз. Құрамымыз бізге жоғарғы орындарға таласуға мүмкіндік береді. Бізге бапкерлік штаб пен басшылық мотивация береді. Өзіңізде түсінесіз біздің жанкүйерлеріміз өте талапшыл. Қала ішінде, неліктен «Орда» сәтсіз ойын көрсетті деп сұраулары мүмкін, міне осылай.

- Александр Седневпен сіз «Ақтөбеде» де жұмыс істегенсіз. Оны қатал адам демейді. «Ордабасыдағыдай» орта жастағы ойыншылармен жұмыс істеу оған қиынға соқпайды ма?
– Иә, біз Александр Сергейұлымен «Ақтөбеде» тер төктік. Жақсы адам әрі жақсы маман. Өз ісі мен жұмысын біледі. Менің ойымша: оған керісінше өз заманында талай нәрсені көрген тәжірибелі ойыншылармен жұмыс жасау қиын болмайды. Бізді қосымша түрде жақсы күйге келтірудің қажеті жоқ. Біз өз ісімізді білеміз және бапкердің берген тапсырмаларын орындауға тырысамыз.

- Седнев Қазақстанда да, Беларусьтағыдай табысты маман. Оның қандай мықты тұстарын айтып өтер едіңіз?
– Тактика жағынан ол өте мықты, қарсыластардың мықты және әлсіз тұстарын біледі және оларды өте жақсы қарастырады. Мұндай бапкермен жұмыс істеу – рахат сезімге бөлендіреді. Жасыңның 30-дан асқанына қарамастан, футболшы ретінде өсіп жатқаныңды сезесің.

- Өз уақытыңызда сіз Қазақстан құрамасында ойнаудан бас тартқан едіңіз. Жоао Паулоның Қазақстан құрамасында ойнау мүмкіндігі қаншалықты шындыққа жанасады? Сіз онымен бұл туралы сөйлестіңіз бе?
– Мен Қазақстан үшін ойнаудан бас тартқан емеспін. Сол кезде БАҚ өкілдері аудармадан қате жіберген. Арамызда әңгімелер болды, алайда іс өз шешімін толықтай таппаған еді. Жоаоға келсек, мен онымен бұл жайлы сөйлестім. Менің түсінгенім бойынша оның Қазақстан үшін ойнау құлшынысы бар. Мұндай жоғарғы ойынымен ол міндетті түрде өз көмегін тигізеді. Оның үстіне, өзі де құлшынып тұр, ал бұл – басты фактор.
- «Шахтерда» өткізілген екі маусымды мансабыңыздағы ең жарқын сәттердің бірі деп айта аласыз ба?
– Әлбетте. Мен «Шахтерда» екі жыл ойнадым. Ел Кубогы мен Суперкубогын жеңдім, сонымен қатар Еуропа Лигасының іріктеу кезеңінде өнер көрсеттім. Бұл менің мансабымдағы үлкен жетістіктердің бірі. Мен қайда ойнасамда - «Ордабасы», «Ақтөбе», «Таразда» болсын өзімді жайлы сезіндім. Қазақстандық чемпионат өсуде және мен ойыншы ретінде бұны байқаймын. Әрине, кейбір жұмыс істелуі қажет сәттер бар, бірақ ҚПЛ көз тартарлық лигаға айналуға бір қадам жақын. Талантты ойыншылар жетеді. Осы жылдан бастап көбісіне сене бастады. Бұл да бір қуантатын жайт.

- Еуропада топ-клубтардың Суперлигасын құру жайлы жоспарланған еді. Сіз бұл жобаны қолдағандардың қатарынан болдыңыз ба әлде керісінше ме?
– Бұдан ешқандай жақсы нәрсе шықпайды. Өйткені, жанкүйерлер қарсылықтарын білдіріп, бұл турнирге жол бермейтін болады. Чемпиондар Лигасы мен Еуропа Лигасы – қазірдің өзінде, әрбір футболшы өнер көрсеткісі келетін өте тамаша турнирлер.
 





comments powered by HyperComments

Матч-центр