Новости клуба

01 ноября Май Махлангу: «Маған «Ордабасы» ұнайды, командада тек максималды мақсаттар бар» Май Махлангу: «Маған «Ордабасы» ұнайды, командада тек максималды мақсаттар бар»
«Ордабасы» командасының Оңтүстік Африкалық жартылай қорғаушысы Май Махлангу клубтың баспасөз қызметіне берген сұхбатында шымкенттік команданың болашағы, чемпионаттың алтын үміткерлері және Қазақстандағы өмір туралы айтып берді.

- Бұл шын мәнінде мен үшін үлкен тәжірибе. Мен мұнда Оңтүстік Африка Республикасынан келдім және сол жылдардан бері осы аумақтағы көптеген жерлерді, адамдарды және заттарды меңгердім. Бұл ел мен үшін жаңа және Қазақстаннан мен тек оң(жағымды) әсерлер алдым. Менде бұл жерде барлығы жақсы өрбуде, ойыным да, жеке өмірім де. Тек өзімнің жанұямнан алыста болғаным болмаса.

Чемпионаттар деңгейі

- Иә, чемпионаттардың арасында айырмашылық бар және мәселе тек қана Болгарияда емес. Басқа елдермен салыстырсақ, әр елдің өз мәдениеті бар және әр чемпионаттың өзіндік тәсілі бар. Мен Швецияда, Түркияда, Бельгияда, Румынияда доп тептім. Егер Қазақстан чемпионатын салыстырсақ, онда бұл жерде үлкен футболшылардың өсуіне мүмкіндер өте көп. Иә, қазіргі таңда Испания чемпионаты мықты болып табылады. Өйткені, ол сондай прогрессивті біріншілік. Ал мен үшін Түркия және Бельгия чемпионаттары үздік. Бельгияға тоқталсақ, біз онда Еуропаның көптеген командаларына қарсы тұрдық және сол деңгей менің мансабыма өзіндік ықпалын тигізді. Иә, бұл жоғарғы деңгейде өткізілетін жақсы чемпионат. Өздеріңіз көріп жүргендей, Қазақстан чемпионаты жылдан-жылға жақсарып, өз жемісін беруде. Естеріңізде болсын, клубтар арасындағы чемпионат қаншалықты жақсы болса, соншалықты ұлттық құрамаға өз әсерін тигізеді. Әр жыл сайын чемпионатымызға шетелден деңгейімізді көтеретін ойыншылар келуде және алдында айтқанымдай, бұл ұлттық құрамаға позитивті әсер береді. «Ордабасы» соңғы екі жылда жақсы қарқынмен келе жатқан клуб. Маған ерекше ұнайтыны, бұл клубта Максим Ваганов, Эльхан Астанов, Аслудин Хаджиев секілді жас ойыншылардың бары. Олар негізгі құрам ойыншыларымен иық теңестіре жаттығады. Менің ойымша бұл өте жақсы. Бұл командада ерекшелік бар және команданың алға жылжи алатын жас ойыншылармен толығуы өте маңызды.

«Ордабасы» жайлы

- Мен Болгарияда «Лудогорец» сапында жүрген кезде, менің агентім маған ауысым жайлы бірнеше нұсқа көрсеткен болатын. Ол маған Қазақстан жайлы қысқаша айтып өтіп, менің осы жерге нақты қоныс аударуыма дайын екенімді сұрады. Мен негізі саяхаттауды жаным сүйетін адаммын, Қазақстан мен үшін жаңа белес. Мен: “Егер маған сол елден осындай ұсыныс болса, онда мен қуана-қуана келісемін”-деп, айтқан болатынмын. Мен білетіндей, Қазақстан мен Ресей ешқашан бір мемлекет болмаған. Мен өз агентімнен: “Қазақстанда адамдар қандай тілде сөйлейді?”- деп сұрадым. Ол маған қазақша және орысша тілде де сөйлейді деп жауап қатты. Мен осы жолды таңдағаныма қуаныштымын. Иә, келіссөздер өте ұзақ уақытты алды және тиісті шарттарын талап етті. Нәтижесінде, барлығы жақсы өтті және мен бұл жағдайға өте қуаныштымын.

Алтынға үміткерлер жайлы

- Бұл чемпионатты жеңгім келмейді десем, өтірік болар еді. Біз алаңға шыққан сайын, тек жеңісті ойлаймыз. Біздің команданың деңгейі чемпионатты жеңіп алуға қауқарлы. Мысалы, мен Швеция секілді ұлттық біріншіліктерде чемпион атанғанмын. Біздің қарсыластарымыз жайлы айтатын болсақ, мен өзіндік құрылымы бар «Қайратты» ерекше атап өтер едім. Олар біздің ұлттық біріншілікте топ жаруға лайық деп ойлаймын. Және мен біздің клубымызды да атап өткім келеді. Бізде өте жақсы ойыншылар мен бізді алға жетелей алатын және жоғарғы деңгейге көтере алатын бапкер бар. Басқа клубтар жайлы тағы да тоқталатын болсақ, менің ойымша, қазір «Астана» клубы чемпионатты ұтуға дайын емес. Ал «Қайрат» қазіргі таңда алтыннан алқа тағуға үміткер бірден-бір клуб болып табылады.

Жанкүйерлердің жоқтығы

- Бұл өте өкінішті. Жанкүйерлер болмаса, футбол да болмайды. Олар стадионға келіп, бізге қолдау көрсетеді. Олар кейде бізге келіп, “Сіздердің ойындарыңызды көру үшін және қолдау үшін билеттерді арнайы сатып аламыз”-деп айтады. Иә, олар футболды теледидардан көре алады. Бірақ менің пікірімше, бұл олар қалайтын іс емес. Жанкүйерлерсіз ойнау маған тартысты ойындардан гөрі, жаттығуды еске түсіреді. Сол үшін де, жанкүйерлер ойынға тікелей әсерлерін тигізеді.

Перспектива

- 2 жылдық келісімшарт. Алда әлі бір жыл бар. Әрине, мен командамен жаңа келісімшартқа отырып, мұнда тағы ұзақ уақытқа қалғым келеді. Маған бұл жерде ойнаған ұнайды. Басқа адамдардың не айтатыны маңызды емес. Маған бұл жер ұнайды және мен бұл елде футбол ойнағанымнан ләззәт аламын. Мен бұл жерде қалу үшін бар күшімді салып, командаға өз септігімді тигізгім келеді.

Пандемия жағдайындағы өмір

- Сөзсіз, жанұямнан алыста болу мен үшін өте қиын. COVID-19 тек Африка ғана емес, бүкіл әлем халқының да жағасын ұстатып, көптеген адамдар ажал құшты. Менің әжем де бұл індетпен ауырды. Бірақ Құдайға шүкір, қазір бәрі жақсы. Бұл пандемия адамдардың өмір сүру нормаларын өзгертті. Бұл мәселе көптеген адамдарға қиындық туғызды. 10 ай бойы жанұяңсыз тұру өте қиын. Қазіргі таңда барлығы өз қалпына келуде. Адамдар өздерінің қиындықтарын жеңуге тырысуда. Мен біздің бұл індетті жеңетінімізге сенімдімін. Шынымды айтсам, мен ешқайда шықпай үйде отырдым. Біздің Макс есімді - өте жақсы көлік жүргізушіміз маған азық-түлік жағынан өте қатты көмектесті. Себебі, мен карантин кезінде ешқайда шыға алмадым. Макстың жанұясы маған ұллтық дастархан жайып, ет пен күріштен жасалған дәмді тағамдар әзірлеп берген болатын. Мен оның жанұясына рахмет айтамын! Қазіргі кезде ондай жақсы адамдарды кезіктіру қиынның-қиыны. Сол үшін де, мен менің өмірімнің қиын кезеңінде жанымда Макс секілді досым болғанына қуанамын.

Шымкент

- Мен өзім жеке Шымкентте расисттік мәселерге тап болып көрмедім. Мен көшеге достарыммен бірге шыққан кезде, кейбір адамдар менің олармен суретке түсуімді сұрайды. Бұл жай ғана менің шетелдік азамат екеніме байланысты шығар. Адамдарға менімен суретке түсу әрине қызық. Бірақ мен бұны расизм деп қабылдамаймын. Мен жаңа айтқанымдай, Шымкентте ондай жағдайларға тап болып көрмедім. Біз Алматыға барған кезде де ондай жағдайлар орын алмайды. Себебі, Алматы - өте үлкен қала және ол жақта менімен суретке түсіп, қолтаңбамды алғысы келетін адамдар көп кездеспейді. Шымкент әрине өзгеше қала. Бұл қаланың тұрғындары маған өте жақсы көзқараста және әрқашан барлық сұрақтарыма жауап табуға көмектеседі. Сол үшін, мен бұл жерде еш қиындықсыз өмір сүремін.

Біздің жанкүйерлер

- Мен жанкүйерлерімізге тек денсаулық тілеймін және үйде қалуларын, таңертең ұйқыдан тұрғанда Аллаһтан жақындарының денсаулығының сау болуын тілеуді ұмытпауларын сұраймын. Денсаулық негізінде өте маңызды рөл атқарады. Біз сіздерді қатты сағынамыз және бұның барлығы өтіп, сіздерді стадионнан көреміз деп сенеміз.
 





comments powered by HyperComments

Матч-центр