Новости клуба

03 февраля Кирилл Ковальчук: "Мен футболмен қоштаспаймын!»  Кирилл Ковальчук: "Мен футболмен қоштаспаймын!»
"Ордабасыда" соңғы үш маусымда өнер көрсеткен украиндық жартылай қорғаушы Кирилл Ковальчук, шымкенттік клубтың баспасөз қызметіне мансабын аяқтағаны және алдағы жоспарлары туралы айтып берді: 

- Футболдағы мансабыңызды аяқтауға не түрткі болды? 
- Мен осындай шешімді отбасылық жағдай бойынша қабылдадым. Біз үш жыл Шымкентте тұрдық, негізінде бәрі жақсы болды, уақыт зырлап өтіп барады. Болашақты анықтайтын кез келді. Маған Украина мен Түркиядан шақырулар болса да, мен қазір демалуым дұрыс деп шештім, мүмкін екі - үш жылдай көрермін. Мен, әрине, футболмен қоштаспаймын, маған жаттықтырушылыққа бейімделу үшін әрине аздаған демалыс керек. 

- Сізге "Ордабасы" командасы тарапынан келісім-шартты, арадағы ынтымақтастықты ұзартуға ұсыныс болды ма? 
- Иә, ұсыныстар болды. Біраз нұсқаларды да талқыладық. Бірақ мен басқа бағытты таңдадым. Отбасы жағдайларына байланысты кері қайтып орала алмадым. Мен соңына дейін футболда қалу керек па, немесе тоқтату керек пе деп көп ойландым. Себебі маған жақсы ұсыныстар да болды. Дегенмен мен осылай шештім. Мұның бәрін дұрыс жасадым деп ойлаймын. Алда әлі де көптеген қызықты сәттер күтіп тұрған секілді. Әліптің артын бағып көрелік. 

- Қазақстандағы футболдық мансабыңыздың кезеңін қалай бағалайсыз? 
- Мен "Ордабасы" сапында өткізген үш жыл өте жақсы, қызықты және ауыр жылдар болды. Осы уақыт ішінде біз клуб қойған міндеттерді толық  орындадық. Бұл Еурокубоктар мен чемпионаттың қола жүлделерін алу. Кейбір қиындықтарға қарамастан, біз мінез көрсетіп, табысқа жете алатын мығым ұжым қалыптастырдық. Әрине, қазір қиын болады, себебі командадағы бірқатар жетекші ойыншылар басқа клубтарға кетті. Бірақ атмосфералық ахуал жақсы болып қалатынын білемін. Ол бұл ұжымдағы ең басты мәселе. 

- Болашақта немен айналысасыз? 
- Иә, менің ендігі жоспарларым жаттықтырушылыққа бағытталады. Өзімді осы салада көріп тұрғандаймын. Басқа бағытта мен өзімді әлі елестете алмаймын. Жаттықтырушылыққа оқимын. Оған менің қабілетім жетеді. Себебі көптеген жаттықтырушылардың жұмысын көрдім. Сондықтан футболды дамыта алатын өз көзқарасым бар, және осы тұрғыда өзімді сынап көргім келеді. 

- Жанкүйерлер сіздің мансабыңызды аяқтау туралы шешіміңізге үлкен өкініш білдірді. 
- Шымкенттің барлық жанкүйерлеріне және "Ордабасы" футбол клубына алғыс айтқым келеді. Мен өз тарапымнан барлық күшімді салдым, жанкүйерлерден жаман сөздерді естімедім. Әрқашан және барлық жерде тек жақсы сөздер мен қолдау білдірген алғыстар болды. "Ордабасы" жанкүйерлерін бағалаймын, құрметтеймін және шымкенттік жанкүйерлер менің карерамдағы ең жақсы әсермен қалады деп санаймын. Шымкентке үлкен рахмет, жанкүйерлер өздерін өте жоғары деңгейде ұстайды! 



comments powered by HyperComments

Матч-центр